Шоқан туралы сөз - Слово о Шокане

Шоқан! Қандай қысқа ғұмыр! Қандай таусылмас шежіре.
Шығыстану көгінде, халқымыздың тарихи болмысының биігінде мәңгілікке жарқыраған жарық жұлдызы. Қазақстанда ғылыми және әлеуметтік ойлардың негізін қалаушы, қазақ халқының ұлы ғалымы және ағартушы-демократы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды.
Ол орыс ағартушылары мен төңкерісшіл- демократтарының озат идеяларын дұрыс қабылдай білген адам. Шоқан Уәлиханов негізін салған демократиялық идеяларды қазақ ағартушылары
Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарин өз еңбектерінде одан әрі дамытты. Ілгері бастырды.
          Шоқан алғаш қазақ арасынан шыққан саяхатшы  ғалым,
          алғаш қазақ фольклорын зерттеген ғалым.
          Алғаш қазақ арасынан шыққан шығыстанушы ғалым,
          алғаш еңбегі ағылшын тілінде жарияланған қазақ ғалымы.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі Қазақстанның мәдениеті мен қоғамдық- ғылыми ойының тарихында қүрметті орын алады. Аса көрнекті ғалым әрі ағартушы Шығыс халықтары туралы толымды да жемісті ғылыми зерттеулер жүргізді және сол бір кезде сыры-қыры ашылмаған беймәлім елдерге асқан қауіп-қатерге қарамай белді буып, батылдықпен саяхат жасады. Шоқан өз сапарын елдің жағрафиясын,  тарихын, әдет-ғұрпын, тұрмысын зерттеп білуге пайдаланды.
Шоқан Уәлиханов артында мол ғылыми мұра қалды. Ол Орта Азия мен Қазақстанның тарихына, жағрафиясына, этнографиясына арналған аса маңызды қыруар еңбектер,қоғамдық- саяси тақырыптарға арналған шығармалар қалдырды. Сонымен бірге Шоқан өзі зерттеген елдерді картаға түсіру ісіне елеулі үлес қосқан ғалым. Әрі бірнеше тілдерді жетік білгендігінің арқасында көне ескерткіштер мен деректерді де түпнұсқалары бойынша зерттеді. Өз халқының жарқырап туған жұлдызы болған ол өз заманының аса көрнекті ғалымдары арасында тарих ұсынған лайықты орнында тұр.

Әулиекөл аудандық орталықтандырылған кітапханалық жүйесі
        Әулиекөл аудандық кітапханасы

Шоқан – халқымыздың  жарық жұлдызы

Әдеби-тарихи кешінің сценарийі

Көрнекілігі: Шоқан Уәлихановтың портреті, көрме «Аққан жұлдыз...»,  ғылыми еңбектері, туған жерлері туралы кесте-сызбалар, ұлағатты сөздер, суреттері, слайдтар дискі, күйлер дискі: «Жан жыры, жүрек жыры, дала жыры...»
Ұлағатты сөздер: 
«Ол асыл тастай, қай қырын күн сәулесіне ұстасаң да жарқырай көрініп, сан алуан қасиеттерімен асылдығын айқындай түседі».

«Орысша оқыған қазақтың ең естісі артына кітап қалдырған – Шоқан»
Ә.Бөкейхан

 «Шоқаны бар ел - шоқтығы биік ел»
Ғ.Мүсірепов

 «Шығыстану әлемі аспанынан, қазақ хандарының ұрпағы, әрі орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов құйрықты жұлдыздай ағып өте шықты»
Профессор Веселовский
Жүргізу формасы: эдеби-тарихи кеші.

Жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар!
Қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановтың  туғанына 180 жыл толу құрметіне арналған «Шоқан – халқымыздың жарық жұлдызы» деп аталған әдеби-тарихи кешімізді салтанатпен ашамыз!
Түркештің күйі «Көңіл ашар».

Жүргізуші: Шоқан! Қандай қысқа ғұмыр! Қандай таусылмас шежіре.
Шығыстану көгінде, халқымыздың тарихи болмысының биігінде мәңгілікке жарқыраған жарық жұлдызы.Қазақстанда ғылыми және әлеуметтік ойлардың негізін қалаушы, қазақ халқының ұлы ғалымы және ағартушы- демократы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды.
Ол орыс ағартушылары мен төңкерісшіл- демократтарының озат идеяларын дұрыс қабылдай білген адам.
Шоқан Уәлиханов негізін салған демократиялық идеяларды қазақ ағартушылары
Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсарин өз еңбектерінде одан әрі дамытты. Ілгері бастырды.
            Шоқан алғаш қазақ арасынан шыққан саяхатшы  ғалым,
          алғаш қазақ фольклорын зерттеген ғалым.
          Алғаш қазақ арасынан шыққан шығыстанушы ғалым,
          алғаш еңбегі ағылшын тілінде жарияланған қазақ ғалымы.
                                 Қысқаша баяндама .(Тарихи мағлұмат) 
1-ші оқушы: Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі Қазақстанның мәдениеті мен қоғамдық- ғылыми  ойының тарихында қүрметті орын алады.
Аса көрнекті ғалым әрі ағартушы Шығыс халықтары туралы толымды да жемісті ғылыми зерттеулер жүргізді және сол бір кезде сыры-қыры ашылмаған беймәлім елдерге асқан қауіп- қатерге қарамай белді буып, батылдықпен саяхат жасады. Шоқан өз сапарын елдің жағрафиясын,  тарихын, әдет-ғұрпын, тұрмысын зерттеп білуге пайдаланды.
Шоқан Уәлиханов артында мол ғылыми мұра қалды. Ол-Орта Азия мен Қазақстанның тарихына, жағрафиясына, этнографиясына арналған аса маңызды қыруар еңбектер,қоғамдық- саяси тақырыптарға арналған шығармалар қалдырды. Сонымен бірге Шоқан өзі зерттеген елдерді картаға түсіру ісіне елеулі үлес қосқан ғалым. Әрі бірнеше тілдерді жетік білгендігінің  арқасында көне ескерткіштер мен деректерді де түпнұсқалары бойынша зерттеді. Өз халқының жарқырап туған жұлдызы болған ол өз заманының аса көрнекті ғалымдары арасында тарих ұсынған лайықты орнында тұр.
( Құрманғазының күйі «Сары арқа»)
2- ші оқушы: (Жас Шоқан образында) Сұлтанмахмұттың «Шәкірт ойы» атты өлеңін оқиды, музыка сүйемелдеуімен
Қараңғы қазақ көгіне
          Өрмелеп шығып күн болам!
            Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда кім болам?!
Мұздаған елдің жүрегін
Жылытуға мен кіремін.
Еңбек, бейнет тарауы
Рахатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы,
Надандық теңізі тартылар.
Орны ортайып көгерер,
Қызығын  жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр- бәрі-де
Бұл мақсаттан бұра алмас.
Қаһарман Рүстем,  әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас
Сылаңдаған жардың күлкісі,
Алдандырмас бір ісі.
3-ші оқушы: Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылы, қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекінісінде туған. Оның азан шақырып қойған аты Мұхаммед Қанапия, әжесі Айғаным еркелетіп Шоқан деп кеткен.
Құсмұрын бекінісін слайд арқылы көрсете отыра:
Осындай сұлу өлкені мекендеген бабаларымыз табиғатты да сүйе білгенінің белгісі емес пе. Халқым, елім деп егілген Шоқан да осы төңіректе балалық бал дәурен шағын өткізді.
Оқушы өлең жолдарын мәнерлеп оқып береді:
Орта бұлақ ата-мекен, туған жерім.
Қан тамып, кіндігімді жуған жерім,
                                          Таяқты кешке дейін ат қып мініп,
Қаңбақ пен көбелекті қуған жерім.
                                          Бас бұлақ айналайын суың тәтті,
Көк майса, көк орайлы жерің бапты.
                                          Шоқанның туған жері Орта бұлақ
                                          Артына айтарлықтай сөзі қапты.
Жергілікті ақын Кенжеғали Батырбеков, Әулиекөл ауданы.
3- ші оқушы( әрі-қарай жалғастырады):
Шоқанның ұлы бабасы, Қазақ Ордасының соңғы әміршісі, атадан аса туған Абылай- хан.
 (Слайд көрсету: Абылай- ханның суреті)
«Абылай-хан жаз мезгілін байырғы қонысы Көкшетау төңірегінде өткізсе де, ондағы қырық жылдай Орта жүзге билік құрған шағында құтты мекен болған хан ордасы тізгінін- тұңғыш ұлы Уәлиге ұстатқан». Шоқан осы туған атасы Уәлидің есімін алып, өзін Уәлиханов деп атайды.
«Уәлиханның екі қыстауы болған - бірі Көкшетаудың шығыс жағындағы хан көлінде, екіншісі Сырымбетте». Шоқан балалық шағын әуелі Құсмұрында, содан кейін өзінің ата-мекені - Сырымбетте өткізген.
 (Слайдтар көрсету: туған жері, әкесі Шыңғыстың суретін, балалық шақтары, өткен жерлері туралы сызба- суреттері).
«Сырымбет- Солтүстік Қазақстандағы тарихи аңызға айналған ғажайып сұлу өңір»
1-ші оқушы: Шоқан өте ширақ әрі ақылды бала болған.
Домбыраның сүйемелдеуімен: (қазақтың көне әнінің үні шығады.)  
«Мухаммедқанафия титейінен алғыр, зейінді болып өсті. Тілі де ерте шығып, зеректігімен көзге түсті. Сәби шағынан үлкендердің әңгімесін, аузымен құс тістеген билер мен шешендердің сөздерін, көне қиссаларды, батырлық дастандар тыңдауға аса қызығушылық танытатын пейілімен ерекшеленді. Әдетте аға сұлтанның ақ ордасына ат басын бұрар қонақ көп. Әсіресе, жаз туып, ел жайлауға мамырлай қонған кезде. Меймандар арасында әкімшілік жайымен жүрген ел билеушілерімен қатар, ескі әңгімелерді мол білетін құйма құлақ қариялар, кезінде талай жорықтарды бастан өткерген кеуделі батырлар, сөзден өрнек өретін небір шешендер, жыраулар мен өнерпаздар, күміс көмей әншілер де баршылық». Ал оларды есі кете қызығып тыңдаушылардың бірі-сол үйдің кішкентайы Мұхаммедқанафия еді.Үлкендердің қасында тапжылмастан шоқиып отырып, әңгіме тыңдайтын баланы әжесі Айғаным: «Шоқиғаным, Шоқаным», деп еркелетеді екен. Ақырында оны кейіннен бүкіл ағайын–туғаны, ел-жұрты да осылайша атап кетті. Ол бүкіл ғұмыр кешкен ортасына, заманына Шоқан есімімен танылды. 
2-ші оқушы: Уәлиханның кіші әйелі Айғаным парасатты, терең ойлы әрі көреген, өзінің заманына қарай білімді болған әйел. (Суретін слайд арқылы көрсету).Ол шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, сыртқы істер министрлігінің азиялық департаментімен және Петербургтегі Сібір комитетімен хат жазысып, байланысып отырған. Жергілікті халықтың арасында Айғаным өте беделді кісі болған.Мұсылманша жақсы білімі бар Айғаным балаларын да жастайынан оқуға бейімдеді.Сырымбетте медресе ашқан және ол ханым үйінің балаларын  ғана емес, Сырымбет төңірегіндегі бірталай баланы да оқытып шығарады.1831 жылдың наурызында Айғаным-ханым жиырмаға шыққан ұлы Шыңғысты Омбыдағы Сібір қазақ әскерлері училищесіне алып келеді. Бұл оқуды Шыңғыс 1834 жылы бітіріп шықты. 
3-шы оқушы: Тумысынан сезімтал, дарынды Шоқанға әжесі халық даналығының сарқылмас білім бұлағы болған.Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі басы- қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. (Айғанымның суретін слайд арқылы көрсету).
1-ші оқушы: Шоқан әуелі Құсмұрындағы қазақ мектебінде оқиды. Мұнда ол араб жазуының негіздерін меңгереді және қарындашпен сурет салып үйренеді. Шоқанның бала кезіндегі қатты құмартқан өнерінің бірі сурет салу еді. Бұл өнерді ол Құсмұрын бекінісіндегі Уәлихановтардың үйінде ұзақ тұрған орыстың суретші- топографтары мен геодезистерінен үйренеді.
 (Слайд арқылы сызба суреттерін көрсету). Оның үстіне Уәлихановтардың ауылына жиі—жиі қонаққа келіп жүрген орыс ғалымдары, инженерлер мен білімді офицерлер де қабілетті баланы көркемөнер мен әдебиетке құштарландыра түседі. Жас Шоқан сұнқар салып, саяттық қүруға өте құмар болған. Сахарада саяхаттап ұзақ жүру оның дағдысына айналған. Шоқан өзінің туған елінің сұлу табиғатынан үлкен ляззат алған. Сонау бала кезінің өзінде- ақ ол Ақмола мен Баянауыл сахараларын аралап, Баянауыл тауларының маңындағы нағашыларына жиі барып, қонақ боп жүреді. Бұл сапарларынан алған әсерлері Уәлихановтың көпке дейін есінен кетпейді.
Музыкалық үзіліс: оқушы домбыраның сүйемелдеуімен ән салады. 
Жүргізуші: 1847 жылдың күзінде он екі жасар Шоқан әкесімен бірге Омбыға оқуға келеді.Шыңғыс өзінің орыс достарының көмегімен баласын Сібірдің сол кездегі ең жақсы оқу орыны деп саналған Сібір кадет корпусына оқуға түсіреді. Сібірдің кадет корпусы «Әскери және жалпы білім ошағының бірі болды».
(Слайд көрсету:Омбы кадет корпусының суреті).
Бұл оқу орнының мәдени өмірдегі маңызын дәл бағалау өте қиын еді. Аса көрнекті қоғам және әскер қайраткерлері, ғалымдар мен публицистер осында тәрбиеленіп шықты. Омбы кадет корпусында аса көрнекті саяхатшы және Сібір, Қазақстан, Маңғұлстан мен Орта Азияны зерттеуші Г.Н.Потанин оқыды.
(фото-суретін көрсету).
Шоқан алғырлығы арқасында орыс тілін аз уақыт ішінде тез меңгеріп, барлық пәннен өз әріптестерінен алда болды. Уәлихановтың рухани өсуіне орыс әдебиетінің мұғалімі, шығыстанушы Н.Ф.Костылецкий, мәдениет тарихынан сабақ берген айдаудағы поляк ғалымы Г.В.Госневский, әдебиетші В.П.Лободовский елеулі ықпал етті.Кадет корпусында Костылецкий екеуі қазақ эпосын зерттеуді қолға алып «Қозы Корпеш-Баян сүлуды» орыс тіліне аударды. Қазақ ауыз әдебиетінің теория мәселелері сөз болатын. «Қазақтың халық дастандарының үлгілері туралы», «Орта жүз қазақтарының аңыз-әңгімелері», «18 ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар», т.б. еңбектерінен оның терең білімдарлығы  көрінеді. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ұштауда бұл оқу орнынын, мәні ерекше. 1853 жылы оны аяқтап, атты әскер көрнеті боп шығады. 

2-ші оқушы: Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» олеңін оқиды. 
Күй тамашалау:Н.Тілендиевтің «Көш керуен» күйі.
Жүргізуші: Шоқан Уәлихановтың қоғамдық және әдеби қызметі оқуды бітіріп шығысымен-ақ бірден басталады. Шоқан Сібірдегі қазақ әскерінің 6-атты әскер полкіне белгіленеді, бір жылдан кейін Қазақстанның Батыс Сібір және Солтүстік шығыс аймағын басқаратын генерал Гасфорттың көмекшісі боп тағайындалады. Сонымен қатар ол айрықша тапсырмаларды орындаушы офицердің де қызметін атқарады.
Жүргізуші: 1854-1857 жыл аралығында ол ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың Россияға бейбіт жолымен қосылуы жолында игі қызмет атқарады. 1855 жылы Гасфортпен бірге Орталық Қазақстанды, Жетісу мен Тарбағатайды аралап, Омбыға күзде аралады.
(Карта көрсету)
1856 жылы полковник М.Хоментовскийдің әскери- ғылыми сапарына қатысып, Ыстықкөл аймағын аралайды. Ол сапар ғылыми жұмысына кең өріс ашады, атақты орыс ғалымы  Семенов-Тянь-Шанский мен танысады, достасады. Сол жылы ол Құлжа өлкесінде үш айға жуық болып қайтады. 1857 жылы Алатау қырғыздарын аралайды.
Оқушы: Картадан Шоқанның саяхатқа шыққан жерлерін көрсетеді.
3-шы оқушы: 1857 жылғы сапарында Шоқан Уәлиханов қырғыз халқынын өмірімен, тұрмысымен жақсы танысып, оның тарихы мен этнографиясын, халықтық поэзиясын терең зерттейді. Генерал Гасфорттың жазуы бойынша «Уәлихановтың маған қызметке тұрғанына екі жылдан аспаса да, оның қырғыздың тілін, әдетін мүлтіксіз білуінің арқасында оны қырғыз жұртшылығы аса қадірлеп сыйлады. 1855 жылы ол менің дала саяхатыма қатысып, үлкен көмек көрсетті». Бұл сапарында жас Шоқанның әсіресе, қырғыз халқының «Манас» атты атақты поэмасына алғашқы рет көңіл бөліп, бірінші рет оны ғылыми жолмен жазып және орыс тіліне аударған. Қырғыз халқының ұлы жыры «Манас» - бір кезеңге және бір адамның – Манас батырдың төңірегіне жинақталған бүкіл қырғыз ертегілерінің аңыз, әңгімелерінің энциклопедиялық жинағы. Бұл өзі сахара Илиадасы сияқты нәрсе.
(Кітапты көрсетү)
Қырғыздардың тұрмыс қалпы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, географиясы, діні және медициналық ұғымдары, олардың халық-аралық қатынастары осы орасан зор эпопеяда айқын суреттеледі. Шоқан «Манастың», «Көкетай ханның өлімі және оның асы» деген өте бір қызық үзіндісін орыс тіліне аударады.
Жүргізуші: Жас Уәлихановтың 1856-1857 жылдардағы алғашқы саяхаттарының ғылыми нәтижелері оның «Ыстықкөлге бару сапары», «Қытай империясының Батыс провинциясы» және «Кұлжа қаласы», «Қырғыздар жайындағы жазбалар» деген тамаша жол очерктерінде жазылған. Бұлар Уәлихановтың жиырмадан жаңа ғана асқан кезінде, жас шағында жазған еңбектері еді.Бұл еңбектер бізге қолжазба күйінде жетті және соңғы кездерге дейін жарияланбай келді. Шоқан Уәлиханов осы еңбектерінің өзінде-ақ Тянь-Шань мен Жетісудың географиясын және осы аймақтарды ерте кездерде мекендеген халықтардың тарихын жақсы білетін қырағы, көреген, мағлұматы мол оқымысты екенін байқатады. Ол Тянь-Шань мен Жетісудың табиғатын, жерінің ой-қырын, өсімдіктері мен хайуанаттар әлемін тамаша суреттеп жазады.
(Слайдтар көрсетіледі )
Жүргізуші: Шоқан Уәлихановтың ғылыми және ағартушылық істері 19-шы ғасырдың елуінші жылдарының аяғы мен алпысыншы жылдарының бас кезінде әсіресе өрлей түседі.
1-ші оқушы: 1858-1859 жылдары Шоқан өзін ержүрек саяхатшы даңқына бөлеген атақты Қашқар саяхатына барып қайтады.1603 жылы Марко Поло мен Иезуит Гоестен кейін бұл елге тұңғыш рет барған адам Шоқан еді. Көптен бері орнығып, қалыптасқан тәртіп бойынша Қашқарияның қақпасы ол кезде Европа ғалымдары үшін жабық еді. Европаға беймәлім болып келген бұл елдердің географиясы, тарихы, мәдениеті және саяси жағдайымен терең танысып, Шоқан Уәлиханов Шығыс Түркістанды ғылыми жолмен зерттеудің бастамасын жасады. «Қашқария-жері кең де құнарлы өлке, миллионнан астам халқы бар бұл өлке Қытайдан Мус-Дага мойнағымен шектелген, оңтүстігінде ағылшындар иемденген Үндістанмен, Батысында Ауғанстан мен Қоқан, солтүстігінде өзіміздің күдікті иелігіміз Алатау қырғыздары мен шектеледі» деп сол кезде Сыртқы істер министрлігінің азиялық департамент директоры Е.П.Ковалевский жазған.Ол кезде Қашқарға бару өте қауіпті еді. Цин әулетінің феодалдық езуіне назары болған жергілікті халықтардың (ұйғыр, дунған, қырғыз және басқаларының) көтерілісі ол кезде бүкіл Шығыс Түркістанға тегіс жайылған болатын. Әйтсе де, ғылым жүзінде мүлдем белгісіз болып отырған ертеде қалыптасқан мәдениеті бар Қашқария-дай бай елді зерттеудің маңызы өте зор еді.
2-ші оқушы: Шоқанның Қашқар сапарынан жазған есебі ғажап дүние болатын. Бір сәт назар аударып көріңізші. Географиялық шолу. Тарихи очерк. Халықтың орналасуы. Үкімет жүйесі және өлкенің саяси жағдайы. Өнеркәсіп пен сауда. Шоқан жазбалары орыс империясының келешекте Шығыс елдерімен қалай қарым- қатынас орнатуына белгілі ықпал еткені сөзсіз. Патша үкіметі әскери барлаушы Шоқан Уәлиханов еңбегін жоғары бағалады. Шоқан Уәлиханов өзінің бұл саяхатын он ай, он төрт күнде ойдағыдай аяқтап, 1859 жылдың он екінші сәуірінде Алматыға келеді. Ш.Уәлихановтың Орта Азия мен Шығыс Түркістанды зерттеуші ретінде ғылымға сіңірген еңбегін бүкіл дүние- жүзілік ғылым тегіс мойындады. Оның еңбектері орыс, ағылшын, неміс және француз тілдерінде жарияланды.
Жүргізуші: 
Ұзақ жылдар бойы Шоқан өмірін зерттеп, оның Ыстықкөл сапарының ізімен жүріп өткен, ғалым ғұмыр кешкен мекендерді аралап, осы тақырыпқа байланысты журналист-зерттеуші, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының  «Шоқан ізімен», «Жасын - тағдыр жарқылы» атты кітаптары, «Шоқан» деп аталатын ғұмырнамалық деректі хиқая, көптеген мақалалары Шоқантануға қосылған аса бағалы үлес екені даусыз.
«Шоқан» атты  кітапты көрсету, таныстыру.                   
Жүргізуші: Халқымыздың біртуар ғалымы Ш.Уәлиханов ғылымның барлық салаларынан жетік білімдар болған десек артық айтқан болмаймыз. Ол туралы әдебиетшілер, тарихшылар, философтар, т.б. көптеген ғылым салаларының маман- ғалымдары айтып жүр. Шығыстану саласында оның қосқан үлесі зор. Оны көрнекті шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің мына сөзінен анық байқаймыз: «Ш.Ш.Уәлиханов как блестящий метеор, промелькнул над нивой востоковедения», деген еді. Амал не, ғалым өмірден ерте кетіп, басталған ғылыми бастамалары аяқсыз қалды.
...Оқ тиген марал мен болдым,
Өкпе-бауыры қанаған.
Отызында дем бітті
Өлшеулі күні саналған.

Уәлихановтың Алтын емелдегі (Алматы облысы) қабірі басына биік ескерткіш орнатылды.

(Шоқан зиратындағы ескерткішті көрсету)

Алматыда, Көкшетауда, Семейде, Алтынемелде Уәлихановтың мүсіндік ескерткіштері орнатылған.
(Слайдтар көрсетіледі)
Тарих және этнология институтына, Көкшетау мемлекеттік университетіне, Алматыдағы бір көше мен мектепке, Ақмола облысының бір ауданына Уәлихановтың есімі берілген. Ғылым саласындағы жетістіктері үшін ғалымдарға Уәлиханов атындағы сыйлық белгіленген.Бірақ бүгінгі таңда егемендігіміздің арқасында ғалымның бастаған істері, әсіресе «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында толығымен іске асуда.
Қорытынды. Тарихшы:
Өз еліне шын беріліп, оны терең сүйе білген Шоқан өмірі - біз үшін үлкен өнеге. Оның философия, этнография, тарих, экономика, құқық, жағрафия, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы жайындағы құнды-құнды еңбектері мен пікірлерінің маңызы қашанда зор. Шоқан Уәлиханов – ерекше жаратылған, қайталанбас тұлға. Қазақтан шыққан ұлы ғалым. «Ол асыл тастай, қай қырын күн сәулесіне ұстасаң да жарқырай көрініп, сан алуан қасиеттерімен асылдығын айқындай түседі». Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтқанда: «Шоқаны бар ел - шоқтығы биік ел».Ұлы перзентін басына асқақтата көтерген халық қана шоқтығы биіктей түсетінін ұмытпайық.
Н.Тілендиевтің әні: «Өз елім менің»
                                             
Пайдалаңған әдебиет:

1. Әбсадықов, А. Жұлдызы жанған ғалым [Мәтін] : Шоқан Уәлиханов -170 жыл] /А.Әбсадықов // Қостанай таңы. - 2005. - 8 сәуір. – б.6-7.
5. Батырбеков, К. Нақты деректерге жүгінсек [Мәтін] : [Шоқан Уәлиханов-160 жыл] /К. Батырбеков // Қостанай таңы. - 1993. - 4 тамыз. - 2б.
1.Бейсенбайұлы, Ж. Шоқан  [Мәтін] :ғұмырнамалық деректі хикаят / Ж. Бейсенбайұлы. - Алматы: Қазақстан. - 2009. - 607, [1] б. - (Ғибратты ғұмыр. Личность и время).
3.Бейсенбайұлы, Ж. Обағандағы орда [Мәтін] : [Шоқан Уәлиханов - 175 жыл] /  Ж.Бейсенбайұлы // Жас өркен.Қостанай. - 2010. - № 2-4. – б.8.
8. Биғатова, К. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп... [Мәтін] : / К.Биғатова // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. - 2008. - № 1. – б.36-38.
6. Жолдасбаев, С. Шоқанның археологиядағы ізі [Мәтін] / С.Жолдасбаев / Ана тілі. - 2010. - 7-13 қазан. - 3б.
7. Өтениязов, С. Шоқан - халқымыздың жарық жұлдызы [Мәтін] / С. Өтениязов, Қ. Алпысбаева, Б.Білген // Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана. - 1997. - 23 мамыр. - 6б.
9. Уәлиханов Шоқан [Мәтін] // Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / бас ред.Б. Аяған. – Алматы. - 2006. - т.8. – б.646-650.
2.Уәлиханов, Ш.Таңдамалы [Мәтін] / Ш.Уәлиханов; ауд.Ә.Илмагамбетов. – Алматы : Жазушы. 1980. - 416 б.
10. Шоқан Уәлиханов  [Мәтін] : Аңыз адамның балалық шағы / Жұлдыздар отбасы. – 2015. - № 10. – б.46-47
  Құрастырушы: Исмаилова Фатима Фазылқызы, Әулиекөл аудандық кітапханасының ӘББ меңгерушісі .

   Предлагаем познакомиться с информ-досье "Чокан Валиханов". В данном пособии рассказано о жизни замечательного ученого и путешественника Чокана Валиханова. Казахский народ считает его своим первым ученым и первым революционным мыслителем. В торговом караване Чокан Валиханов совершил путешествие в неизвестный тогда русской и европейской науке Кашгар. Открытия, сделанные им, поставили молодого поручика русской армии в ряд с выдающимися географами мира. Валиханову принадлежат выдающиеся труды по географии, истории, этнографии, экономике, социологии Казахстана, он сделал записи казахского фольклора, открыл для науки киргизский эпос "Манас".
     Материал предназначен для библиотечных работников и может быть использован при составлении сценариев массовых мероприятий, бесед, библиографических указателей и др.
Перейдите по ссылке:
https://drive.google.com/file/d/0B9OiPkppLdm1OUZEREp3REgyUWc/view?usp=sharing

Комментариев нет:

Отправить комментарий